Үкімет қабылдаған қатаң шаралар өз нәтижесін берді. Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды. Денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме азайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға төмендеді. Аурудан жазылғандар саны 66 пайызға жетті. Ауруханалардағы жататын орындарды қолдану деңгейі 90 пайыздан 40 пайызға шейін төмендеді. Осыған байланысты Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 15 қосымша провизорлық стационар жабылды.

Жедел жәрдем шақырулар саны 40%-ға, оның ішінде COVID–19 белгілері бойынша – 50%, пневмония бойынша - 35%-ға төмендеді. Ауруханалар мен емханаларда дәрілік заттардың бір айлық қоры құрылды. Бұдан басқа, бөлшек сауда нарығын қолдау үшін шетелден 10 млн жуық дәрі-дәрмек Қазақстанға жеткізілді.

«Нәтижелер жақсы. Дегенмен босаңсуға ешбір негіз жоқ. Керісінше, негізгі мақсатымыз жетістіктерді әрі қарай жетілдіру. Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия карантиндік шараларды тағы да екі аптаға ұзарту туралы шешім қабылдады. Үкімет әкімдіктермен бірлесіп елдегі эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізуді жалғастырады және елдегі жағдайды жақсарту үшін барлық қажетті шешімдерді жедел түрде қабылдайды», - деді Е.Тоғжанов.