Бірқатар қазақстандық сайлау учаскесін аралаған Эстония Риигикогу (Парламент) депутаттары Қазақстандағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын өткізу барысына қатысты өз әсерлерімен бөлісті.

Эстонияның сайлау жүйесімен салыстыра отырып, шетелдік парламентшілер Қазақстанда ауа температурасының төмен болғанына қарамастан сайлау учаскелерінде дауыс беріп жатқан азаматтардың жоғары электоралдық белсенділігін атап өтті.

«Біздің Парламент сәл кішірек, сайлау осындай ырғақпен және қарқынмен өтеді. Бұдан басқа, бізде электрондық дауыс беру бар. Көптеген тұрғындарымыз осы дауыс беру форматын таңдайды. Егер сайлау туралы айтар болсақ, біз жақсы әсер алдық. Қазіргі кезде 5 учаскеде болдық. Қандай да бір картина қалыптастыру үшін осы жеткілікті болды. Техникалық тұрғыдан барлығы кәсіби түрде ұйымдастырылған. Әрине, індетке байланысты жағдай өз септігін тигізеді. Бірақ барлық учаскелерде жағдайлар жасалған, кірген кезде температураны өлшеп, қашықтық сақтауға тырысады. Барлық учаскелер кәсіби жабдықталған, барлық учаскелерде бақылаушылар бар, яғни, бұл адамдар күні бойы учаскелерде болады. Біз бақылаушылармен сөйлестік, олар дауыстарды санау және хаттамаларды жасау кезінде сол жерде болуға дайын. Сайлау рәсімі мен сайлау нәтижелері адамдардың учаскелерде қалай дауыс бергеніне сәйкес келетініне сенімдімін», - деді Риигикогу депутаты, Эстония орталық партиясының бас хатшысы Михаил Корб.

Пандемия кезіндегі сайлау процесінің ерекшеліктеріне тоқталған Эстония бақылаушысы учаскелерді аралау кезінде эпидемиологиялық қауіпсіздікке қауіп төндіретін тәртіпсіздіктерді байқамағанын атап өтті.

«Менің берер бағам - өте жақсы, бәрі жақсы дайындалған, жақсы ұйымдастырылған. Комиссия басшылары жылы шыраймен қарсы алды, біздің барлық сұрақтарымызға жауап берді, жағымды қарым-қатынас орнатылды. Сондықтан біз көргеніміздің бәріне оң бағамызды береміз», - деп толықтырды Михаил Корб.

Оның әріптесі - Риигикогу депутаты, Эстонияның орталық партиясының мүшесі Игорь Кравченко, өз кезегінде, учаскелерге барған кезде сайлау комиссияларының төрағаларымен және мүшелерімен, бақылаушылармен және сайлаушылармен сөйлескен.

«Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қауіпсіздігін сақтауға, учаскелерді залалсыздандыруға көп көңіл бөлінеді. Бақылаушылардың жауаптылығы таң қалдырды. Кейбіреулер оларды мазаламауымызды сұрады. Олар жәшіктерді, сайлаушылардың іс-қимылдарын мұқият қадағалап отырды. Қазіргі кезде мен де оң бағалаймын, ешқандай бұзушылықтарды байқамадым», - деп толықтырды Игорь Кравченко.