«Қоғамдық пікір» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың exit poll нәтижелерін жариялады. Бұл институт сауалнаманы сайлау учаскелерінен шыққан кезде жүргізді. Елордада, екі мегаполисте және басқа да елді мекендерде 600-ден астам интервьюер жұмыс істеді.

«Институттың интервьерлері 600 сайлау учаскесінде сауалнама өткізді, оның ішінде 316-сы қалада, 284 – ауылда. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, барлық облыс орталықтарында, аудандық маңызы бар қалалар, шағын қалалар және ауылдық елді-мекендерді қамтыды. Күні бойы сауалнаманың 4 толқыны өткізілді. Нәтижесінде, 24 мың сайлаушыға сауалнама жүргізілді. Сауалнама қателігі 2 пайыз шамасында. Сауалнама жүргізу жұмысына 600-ден астам интервьюер атсалысты», - деді спикер.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңының 28-бабына сәйкес, «Қоғамдық пікір» институты сайлау алды әлеуметтік сауалнама және Exit pool жүргізу ниеті туралы Орталық сайлау комиссиясын хабардар етті.

Сайлаушыларға сауалнама exit poll-дың халықаралық стандарттық әдістемесі бойынша интервью face to face форматында жүргізілді.

«Респонденттерге бір сұрақ қойылды «Қазақстан Республикасының парламенттік сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз?» Exit poll-дың нәтижелері: сайлаушылардың 9,03% «Қазақстан халық партиясына», 71,97% – «Nur Otan» партиясына, 5,75% - «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясына, 10,18% - «Ақ жол» демократиялық партиясына, 3,07% - «Адал» партиясына дауыс бергенін айтты»,- деді Айнұр Мәжитова.