Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанда облыс әкімі болып тағайындалған алғашқы әйел. Оның қарамағында 5 ер орынбасары бар. Бұл нюанстың артықшылықтары мен кемшіліктері көп пе? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер Қызылорда облысы басшысына осындай сұрақ қойды.

«Менің орынбасарларым – ер адамдар. Олардың барлығы тәжірибелі мамандар, өңірлерде, орталық мемлекеттік органдарда жұмыс істеген, сондықтан бұл жерде кемшіліктерге қарағанда артықшылықтар көп. Бірақ биыл біз алты басқармада меритократия тәртібімен басшы ретінде әйелдерді тағайындадық, сонымен қатар министрліктерге тікелей бағынатын бес департаментте әйелдер жұмыс істейтінін айта кеткенім жөн. Бұл жерде белгілі бір теңгерім бар. Барлық қиындықтарды бірге еңсереміз деп ойлаймын», - деді әйел-әкім, осындай командамен барлық істі атқаруға болатынын атап өтіп.