Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 364,6 млрд. теңгені құрағанын хабарлады. Бүгінде өңірде 1,9 трлн. теңгенің 25 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.

«Елдегі пандемияға байланысты барлық шектеулерді ескере отырып, кейбір инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімі 2021 жылға ауыстырылды. Бірақ біз инвестиция тарту бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Биыл 19 млрд. теңгеден астам сомаға 10 жобаны іске қосамыз. Сонымен қатар, БҚО инвесторлар кеңесінде жалпы сомасы 46 млрд. теңгеге 900-ден астам тұрақты жұмыс орынын ашатын 18 инвестициялық жобаға қолдау көрсетілгені белгілі болды. Соның ішінде 4 жоба бойынша құрылыс басталды. Жеке инвесторлар облыс орталығының әртүрлі аумақтарында 3 көтерме-тарату орталығын салуға қызығушылық танытып отыр. Бұл орталықтардың қосымша сақтау көлемі 22 000 тоннаны құрап, салынатын инвестициялардың жалпы сомасы 10 млрд. теңгеден асады», - деп атап өтті Ғ.Есқалиев.

Сондай-ақ, БҚО әкімі өз сөзінде облыста 281 га учаскеде индустриялық аймақтың құрылысы басталғанын, ішкі инфрақұрылым құрылысы мен индустриялық аймақты толтыруды өз мойнына алатын шетелдік компаниямен меморандум жасалғанын атап өтті. Облыста инвестициялық портал жұмыс істейді, онда әлеуетті инвесторлар «бір терезе» қағидаты бойынша кеңес ала алады.

«Өңір үшін мұнай-газ секторына тәуелділіктен арылу маңызды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуге міндетті әртараптандырылған, технологиялық экономика құру басты басымдық болып табылады. Бұл ретте біз бәсекелестік басымдықтарымыз мен нақты мүмкіндіктерімізге сүйенеміз», - деді БҚО әкімі.