Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне пандемия кезіндегі жанқиярлық еңбегі үшін алғыс айтты.

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Біз біргеміз» онлайн-форумын аша отырып, Мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев еліміздің барлық халқына пандемия кезінде пайда болған сынақтар алдындағы төзімділігі мен шыдамдылығы үшін, бүкіл ел бойынша медицина қызметкерлері, полиция қызметкерлері, Қарулы күштер қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер жасаған күнделікті ерлігі үшін алғыс білдірді.

«Бүгін менің алғыс сөздерім, бірінші кезекте, Сіздерге арналады: дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жедел медициналық жәрдем қызметкерлері, эпидемиямен күресте ең үлкен жүктеме Сіздің иығыңызға түсті. Күн сайын Сіз елде өз рухыңыздың күшін, батылдық, қайсарлық көрсетесіз. Міне, бұл нағыз патриотизм көрінісі.

Сіз кейде жағдайға қарамастан, пандемияның қайта өршуі, оның ауқымының артуы жағдайында ерлік жасап жатырғаныңызды, Сізге қорғаныс костюмдерінің, қажетті препараттардың, аурухана төсек орнының жетіспеушілігі және басқа да қиындықтарға тап болып отырғаныңызды білемін. Бұл мәселелерді біз жақын арада шешеміз. Қазір мен Сіздерге борыш пен медициналық антқа адалдығыңыз үшін үлкен рахмет айтқым келеді», - деп, Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға алғыс білдірді.

Еліміздің бірінші басшысы атап өткендей, Қазақстанда 100 мың адамға 80-ге жуық науқас келеді. Бұл әлемдік статистикадағы орташа көрсеткіш. Дегенмен, сауығу статистикасы туралы ұмытпау керек. Қазақстандықтардың сапалы және тиімді емделуін дер кезінде алуы туралы айта келе, Мемлекет басшысы науқастанғандардың басым көпшілігі коронавирустан сәтті емделіп шығатынына сенім білдірді.