Бұл салада Үкіметтің тиісті жоспары бар. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оны қолдайды. Қазіргі кезде кәсіпкерлердің толық цифрлық тізімі әзірленіп жатыр. 29 қазанда өтетін съезд барысында нақты қабылданатын шаралар таныстырылатын болады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай деді.

«Көлеңкелі экономиканы жою үшін қолма-қол қаражатты тоқтату керек. Ол туралы қаулы қабылданды. Барлық операциялар толығымен банк есепшоты арқылы, тұтынушы мен кәсіпкердің арасындағы қарым-қатынас тек қолма-қол қаражатсыз жүргізуі тиіс. Сондықтан бәрі карталық жүйеге немесе цифрлық жүйеге көшуі керек. 1 шілдеден бастап Ұлттық банктің де тиісті шешімі қабылданды», - деді А.Мырзахметов журналистің сұрағына берген жауабында.

ҰКП басшысының атап өтуінше, көлеңкелі экономика шамамен 25-30 пайызды құрайды. Бұл көптен бері көтеріліп жүрген мәселе. Ол 90-шы жылдары базар экономикасы шыққанда, ел экономикасы қиындаған кезде сауда саласының дамуына байланысты қалыптасқан. Оған ірі кәсіпорындар қатыспайды.