Бас санитарлық дәрігер: коронавирусты инфекцияның таралуының негізгі себебі халық арасында байланыстың артуы болып табылады.

Сырқаттанушылықтың өсуінің негізгі себебі - еңбек, әлеуметтік, отбасылық байланыстар санының өсуі болып табылады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн-баспасөз конференция барысында республиканың бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, неғұрлым көп байланыс болса, соғұрлым инфекцияның қоғамда тез таралуы орын алады. Ол, сондай-ақ, коронавирусты инфекцияны жұқтырудың негізгі көздері ауа-тамшы және байланыс жолдары екенін еске салды.

«Вирус арамызда және біз вирустың таралуын азайту үшін белгілі бір талаптар мен алдын алу ережелерін орындауға тиіспіз», - деп атап өтті А.Есмағамбетова.

Біздің күнделікті өмірімізде бірнеше қарапайым ережелерді орындау қажет:

  • кез - келген байланыс барысында және кез - келген жерде қашықтық кемінде 1 метр болуы тиіс;
  • кез-келген жабық бөлмеде бетпердені дұрыс тағу қажет (бетперде мұрын мен ауызды жауып тұруы тиіс);
  • бетті қолмен ұстауға мүлдем болмайды;
  • қол гигиенасын үнемі сақтау қажет (антисептиктерді пайдаланып қолды үнемі жуу);
  • қажеті жоқ байланыстарға жол бермеу.