ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі еліміздің ірі қалалары мен облыс әкімдерінің «COVID-19» инфекциясы бойынша өңірлердегі ақуалы туралы онлайн баспасөз-конференциялар тізбегін жалғастырады. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова инфекцияға қарсы шаралар туралы айтып, журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.

Мемлекеттік Бас санитарлық дәрігердің қаулысы негізінде облыста эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін 5 шілдеден бастап 14 күнге шектеу шаралары енгізілді. Шектеу шаралары кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2 аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін.

Сонымен қатар, барлық ауруханалар мен емханалар күшейтілген тәсілмен жұмыс жасауға көшкен.

Өңірдегі дәрі-дәрмек жетіспеу мәселесіне тоқталған әкім жауапты адамдарға тапсырма бергенін айтты.

«Вирусқа қарсы препараттар баршылық. Алайда ол дәрілер коронавирусты емдеу схемасына кірмейді. Қазір халық оның бәрін жаппай сатып алып жатыр. Бірақ онымен коронавирус инфекциясынан емделмейтіндігін денсаулық сақтау министрі атап өтті. Сондықтан, халық арасында дүрбелең туғызбай, адамдар дәрігерлерден кеңес алмай, өзін-өзі емдемеу қажет», -деді.

Облыста 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетіп, қажетті ем алушыларға жетіспеушілік туындады. Дәріханалармен дәрілік заттарды күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс берілуде. Алайда, дистрибьюторлар тарапынан тапсырыста көрсетілген көлем толығымен жеткізілмей жатыр. Мысалы, бір дәріхана 2000 дана «Цефтриаксон» дәрілік затына тапсырыс берсе, дистрибьторлар тек 500 данасын жеткізіп отыр. Осыған сәйкес, амбулаториялық қажетті дәрілердің қосымша көлемі анықталды. Қазіргі таңда жеткілікті көлемде сатып алу үшін дәрі өндіруші компанияларға тапсырыс берілді.