Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы отандық заңнама үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов мәлімдеді.

Мәселен, заңнамалық деңгейде қорғау нұсқамасының қолданылу мерзімі 10-нан 30 күнге дейін ұлғайтылды. Жергілікті полиция бастықтарынан басқа, қорғау нұсқамаларын шығару құқығы учаскелік полиция инспекторларына, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторларға, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға берілді. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы құқық бұзушыларға қатысты белгілі бір қатаң талаптар белгіленген.

ІІМ өкілі атап өткендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту аясында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Соның арқасында полиция жүйелі зорлық-зомбылық жасағаны үшін отбасылық жанжал шығарушы кінәсінің дәлелдерін жинауға және сотқа ұсынуға мүмкіндік алды.

Мәселен, денсаулыққа зиян келтірумен байланысты бірнеше рет құқық бұзушылықтар кезінде жәбірленушілердің талап-арызы бойынша азаптау үшін (ҚК 110-бабы) қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін 3 тәуліктен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу санкциясы күшейтілді (ӘҚБтК 73-бабы).

Құқық қорғаушының айтуынша, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың жеке құрамдары қосымша енгізілді: құқық бұзушының мінез-құлқына сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соғу жатады. Осы баптар бойынша санкциялар тиісінше 10 және 15 күн ішінде қаралады. Айыппұл тиімсіз шара ретінде алынып тасталады.

«Осы құқық бұзушылықтарды қайталап жасаған кезде баптардың санкциялары денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 20 тәулікке дейін, ұрып - соғу үшін 15 тәулікке дейін қамауға алуды көздейді. Сонымен қатар, сот құқық бұзушының жеке басын және істің мән - жайын ескере отырып, ескертуі немесе дереу әкімшілік қамауға алуы мүмкін»,- деп толықтырды А.Оспанов.