Қордай ауданында алғаш рет облыстық деңгейде «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айбуынша, жобаның тұжырымдамасына сәйкес 5 топ бекітілді («ақпараттық түсіндіру», «әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу», «ауылда бизнесті дамыту», «діни мәселелер», «құқық қорғау»).

Оның құрамына – мемлекеттік, құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, жергілікті мәслихат депутаттары және т.б. жалпы саны 107 адам енді.

Е.Жылқыбаев атап өткендей, ағымдағы жылғы 12-18 наурыз аралығында Қордай ауданында 5 бағыт бойынша топ мүшелері өз жұмыстарын жүргізді. Жалпы Жоба барысында 432 іс-шара ұйымдастырылып, 13 089 адам қамтылды.

Аталған Жоба тиімділігі аудандағы қоғамдық-саяси ахуалды зерделеуге, тұрғындардың тыныс-тіршілігін, көңіл-күйін, алаңдататын өзекті проблемалық мәселелерін анықтауға, консультациялық шаралар барысында қажеттіліктеріне қарай әлеуметтік көмек көрсетуге, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге және жылдар бойы шешімі табылмаған жүйелі проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді.

5 топ жұмысының қорытындысы бойынша нақты мерзімдерін анықтай отырып, анықталған мәселелерді шешу жөніндегі «Жол картасы» бекітілді. Жол картасы бес блоктан және 89 тармақтан тұрады, деді Жылқыбаев.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдар тарапынан салаларына қатысты тармақтардың орындалуы бойынша жұмыстар жүргізілуде.