Емхана дәрігері аурудың жеңіл белгілері бар және ілеспелі созылмалы аурулары бар пациенттерге қал-жағдайын білу үшін аптасына неше рет хабарласуы керек деген сұраққа елордалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина жауап берді. Оның айтуынша, COVID-19 жұқтырғанына күдік келтірілген науқастарды және коронавирустың жеңіл түрімен ауыратын адамдарды бақылау медициналық мекеменің провизорлық бөлімдерімен жүргізіледі.

Амбулаториялық емделушілердің қал-жағдайын анықтау үшін провизорлық бөлімдердің қызметкерлері күніне екі рет хабарласады, ал үш күнде бір рет онлайн-кеңес өткізеді. Қажет болған жағдайда созылмалы ауруы бар 65-тен асқан азаматтарға мобильдік медициналық бригадалар жіберіледі.

«Учаскелік дәрігерлер амбулаториялық емделушіге хабарласпаған жағдайда, жедел медициналық жәрдем негізіндегі байланыс орталығына хабарласу керек. Мамандар тиісті кеңестерін беріп, мәліметтерді провизорлық бөлімшелерге жібереді. Сонымен қатар, олар науқасты тексеру үшін мобильдік бригада жібере алады», - деді А.Табулдина.

Дәрігердің сөзіне қарағанда, Call-орталық қызметкерлері медициналық қызметтің сапасын анықтау мақсатында науқастарға қоңырау шалады.