Санитариялық-эпидемиологиялық режим талаптарын бұзғаны үшін бизнес объектілеріне жалпы сомасы 1,3 млрд.теңгеге 15 268 айыппұл салынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта әкімдіктер жанында 1556 мониторингтік топ жұмыс істейді. Карантин шаралары әлсіреген сәттен бастап 17 тамыздан 07 желтоқсанға дейін 53 489 рейд жүргізілді, 215 970 нысан тексерілді, заң бұзушылықтары бар 18 903 нысан анықталды»,- деді Е.Қиясов.

Олардың басым бөлігі Түркістан, Алматы, Қостанай облыстарында, ШҚО, Алматы және Нұр-Сұлтанда анықталды. Маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамағаны, дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қорының болмағаны, эпидемияға қарсы іс-шараларды, жұмыс режимін сақтамағаны, жаппай іс-шаралар өткізгені үшін айыппұлдар салынды. Алдағы мерекелерді ескере отырып, алдын-алу шараларын қатаң сақтау керек: адамдар көп жиналатын орындарға бармаңыз, ұжымдық іс-шараларға қатыспаңыз және гипотермияға жол бермеңіз.

«Құрметті қазақстандықтар, әрбір адам қазіргі жағдайға барынша жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Өзгелерге індет жұқтырмау үшін және жұқтырып алмау үшін міндетті түрде маска киіп, әлеуметтік арақашықтық және гигиена бойынша талаптарды сақтау қажет екенін тағы да еске саламын», - деді Е. Қиясов.