ТЖ кезеңінен қолданылған карантиндік шаралар денсаулық сақтау жүйесіне тиісті түрде дайындалуға мүмкіндік берді.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Лаззят Ақтаева мәлімдеді.

«Жүргізілген карантиндік шаралар, біріншіден, ауруды тежеуге, екіншіден, денсаулық сақтау жүйесінің дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, - деп атап өтті Л.Ақтаева өз сөзінде.

Дайындық іс-шаралары аясында қажетті төсек-орын қоры құрылды, мамандардың жеткілікті санымен қамтамасыз етілуі көзделген, қажетті жабдықтар көшірілді.

Инфрақұрылымдық шешімдермен қатар коронавирустық инфекцияны диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы құрылып, мақұлданды, мамандар оқытылды.

Клиникалық хаттама басқа елдерден келіп түсетін деректердің өзектілігіне қарай жаңартылады, медицина қызметкерлерін тиісті оқыту жүргізіледі, яғни іс-қимыл алгоритмі стандартталған және енгізілген. Одан кейінгі шектеу іс-шаралары эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына қарай және енгізілетін шектеу іс-шараларын айқындау үшін таңдалған өлшемдердің өзгеруіне қарай да жүргізілетін болады.