Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа ауысты. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

Қазақстан Республикасында 10 ақпандағы жағдай бойынша 198 086 науқас COVID-19 жұқтырған және 48 388 азаматқа КВИ- диагнозы қойылған. КВИ+ 179 277 науқас және КВИ- 37 998 науқас сауығып шықты. Инфекциялық төсектердің 26 пайызында науқас бар, реанимациялық төсектердің 18 пайызында немесе 352 төсек-орында пациент жатыр.

«Осы аптада эпидемиологиялық жағдайдың матрицасы бойынша ҚР орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа өтті. Атап айтқанда, 3 өңір - Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы қызыл аймақта тұр. Сары аймақта – 3 өңір - Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. Қалған 11 өңір жасыл аймақта», -деді министр.