Жаңа оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Әліппені» кириллицамен оқиды. Ал мектептерді кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшіру басталғанда, оны латын әліпбиіне көшіріп, ары қарай жұмыс істейміз. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім министрі Асхат Аймағамбетов журналистің сұрағына берген жауабында мәлімдеді. Ең бастысы – бағдарлама мен оқулықтардың мазмұны. Бұл мәселелер қазіргі кезде шешілді.

«Мақсатымыз «Әліппені» ертерек оқу бағдарламасына кіргізу. Латын әліппесі бойынша тиісті шешім қабылданды. Ол бойынша латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Келесі жылдан бастап әліппемен оқуды бастау керек. Ол әліппе кириллицамен болады», - деді ведомство басшысы өз жауабында.

Асхат Аймағамбетов өз баяндамасында айтып өткендей, қазіргі кезде «Әліппе» мектеп бағдарламасына және мемлекеттік стандартқа енгізілді. Ел бойынша 100-ден астам мектепте жаңа оқулықтар бойынша пилоттық режимде оқыту басталды. Пилоттық жоба аяқталған соң келесі жылы қыркүйек айынан бастап Қазақстанның барлық мектептерінде бүлдіршіндер «Әліппемен», одан кейін «Ана тілімен» білім алатын болады.