Күрделі су тасқыны орын алған жағдайда 10 мыңнан астам қызметкер, 2 мыңға жуық техника, 22 тікұшақ, жүздеген жүзу құралы мен мотопомпалар дайын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев баяндады.

Оның мәліметінше, әскери бөлімдерде әр мың адамға 3 шатырлы лагерь әзірленді. Халықты хабардар ету мәселелері пысықталды. Су ресурстары комитеті мен Қазгидромет бірге жұмыс істеуде.

Алдын ала мәліметтер бойынша, әкімдіктер төтенше резервтерге шұғыл шығындарға 36 млрд теңгеден астам қаржы салған. 10 облыста ірі су қоймаларының толуына апта сайын мониторинг жүргізіледі.

«Наурыз айының басында су тасқынына аса бейім аймақтың бірінде (Павлодар қ.) «Көктем 2021» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған, бұл азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің биылғы жылғы су тасқынын қауіпсіз өткізуге дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Оқу-жаттығу шеңберінде жергілікті жерлерде практикалық іс-шаралар кешені өткізіледіғ яғни қар шығару, өзендер мен каналдардың арналарын тазарту жұмыстары.

Сонымен қатар, 10 облыста ең ірі 60 су қоймаларының толуына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Қазгидрометпен бірлесіп қар және ылғал қорының көлемін, сондай-ақ топырақтың қату тереңдігін анықтау үшін қар өлшегіш маршруттар бойынша аралау ұйымдастырылды. Өзен бассейндерінде қар жинау процесі әлі де жалғасуда. Нақты болжамдар 1 наурызға дейін жасалады», - деді полковник.

Бірақ су тасқыны жағдайына толық дайынбыз деп айта алмайтынын мойындады. Қысқа мерзім ішінде шешуді талап ететін мәселелер бар. Атап айтқанда, елді мекендерден қар шығару, гидротехникалық құрылыстардың суды қабылдау және оны апатсыз өткізуге дайындығы, арықтарды, каналдарды, су өткізу құрылыстарын тазалау.