ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте комитеттің басым мақсаты көлеңкелі экономика деңгейін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін – ЖІӨ-ге шаққанда 15-17% төмендету болып белгіленгенін жеткізді.

Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде қабылданған шаралар оны ЖІӨ-ге шаққанда 27%-тен 23,6%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

«Біз көлеңкелі айналымдармен күресте басты құралға айналған тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін құрдық. Салық декларацияларының 99%-і және кедендік декларациялардың 100%-і қашықтан ұсынылады. Импорт/экспортты ресімдеу бойынша қызметтерді алу уақыты 30 күннен 5 күнге дейін қысқарды. «Электрондық шот-фактуралар. Сондай-ақ, жекелеген тауар позициялары бойынша «Виртуалды қойма» модулі енгізілді, ол тауарлардың қоймалық есебін онлайн режимде - контрагенттермен жасалған мәмілелерді көруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті комитет басшысы.

Электрондық шот-фактураларда барлығы 505 мың пайдаланушы тіркелген және 558 млн астам ЭШФ өңделген. 2020 жылы қосымша түсімдер сомасы 149 млрд теңгені құрады. Бұл тәуекелдерді басқару жүйесін қолданудың арқасында мүмкін болды.

Сұлтанғазиев жүйенің машиналық оқыту мүмкіндігі бар үлкен деректерді талдау және зияткерлік талдау құралдарына ие екендігін түсіндірді. Жалпы алғанда, тәуекелдердің 86 түрлі моделі құрылды, 12 млрд астам цифрлық құжаттар өңделді, бұл қосымша 320 млрд теңгені қамтамасыз етті.