Қытайдан Өзбекстанға дейін. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің бір бөлігі туристер сапарлайтын орынға айналады. «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының өкілдері өз алдарына осындай мақсат қойып отыр. Ведомство басшысы Ержан Еркінбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифнгте алдағы уақытта болатын жаңалықтармен бөлісті. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған соң осы бағыт бойынша арнайы экспедиция жолға шығады. Олар биыл күзде Жібек жолының бойындағы жол учаскесіне түгендеу жүргізеді.

«Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде караванинг-экспедиция ұйымдастыру көзделген. Оның мақсаты кемпинг, караваннинг және автотуризмді дамыту тұрғысынан Жібек жолының бойында түгендеу жүргізу болып табылады. Экспедицияның жүру бағыты ретінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізі бойындағы ҚХР шекарасынан Өзбекстан шекарасына дейінгі жол бөлігі таңдап алынды.

Пандемия жағдайында әлеуметтік-қашықтықтан демалудың ең көп тараған түрі дәл осы караваннинг туризм болып табылады. Қытай мен Ресейде ондаған миллион адам джип-турларды қоса алғанда, автоүйлермен, мотоциклмен немесе автомобильмен саяхатқа шығады, ал Еуропада шамамен 6 миллион автокеруен жолға шығады», - деді Е.Еркінбаев.