Ауданда құрылыс барысы мен сапасын, заңға сәйкестігін тексеру, мерзімін қадағалау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына облыстың белсенді азаматтары, мәслихат депутаттары, аудан тұрғындары, үкіметтік емес ұйым өкілдері кірді.

Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ержан Жылқыбаев хабарлады. Зардап шеккен 65 нысанның 54-інде, оның ішінде 41 тұрғын-үй, 13 коммерциялық нысандарда ағымдағы жылғы 30 сәуірден бастап қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оған 3 мердігер анықталды.

Құрамы 5 адамнан құралған (2 – қазақ, 3 - дүнген) қамқоршылық кеңесінің құрылтай жиналысы өткізіліп, «Щивон» қоғамдық қайырымдылық қоры құрылды. Оған 104 млн. теңге қаржылай көмек аударылды. Өртенген үйлерді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру аталған қорда жинақталған демеушілік қаражат есебінен төленуде.

Қазіргі таңда 6 нысанда жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қалғандары тамыз айының соңына дейін аяқталуы жоспарлануда.

Бұдан бөлек, орташа зардап шеккен 103 нысан (әйнек сынған үйлер, коммерциялық нысандар) демеушілердің есебінен толығымен қалпына келтірілді, деді Жылқыбаев.