Жазда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейбір адамдар тиісті медициналық көмекке қолжеткізе алмады. Бұл жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі де, Қор да қажетті шараларды қолға алды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ӘМСҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Қор тарапынан қажетті қаражат қарастырылып, бюджеттен бөлінді.

«Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық барысында барлық инфекциялық стационарларда төсек-орындар саны ұлғайтылды. Сонымен қатар, ұтқыр мобильдік бригадалар саны көбейтілді. Жергілікті атқарушы органдар қажетті жедел жәрдем көліктерін сатып алды, ПТР-диагностикалар саны арттырылып отыр», - деді Болат Төкежанов журналистің қойған сұрағына берген жауабында.