Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бойынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын квазимемлекеттік компаниялардың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов хабарлады.

«Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді толық көлемде қабылдайтын болады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасалған жағдайда анағұрлым маңызды жауапкершілікке ие болады», - деді О.Бектенов.

Спикер атап өткендей, бұрын мұндай нормалар квазимемлекеттік компаниялардың бірінші басшыларына ғана қолданылған. Енді бұл шеңбер айтарлықтай кеңейтілді. Маңызды мемлекеттік жобаларды сатып алуға және іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімшелердің басшыларын сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатқызу үлкен прогресс болып табылады.

Құрылымдық бөлімшелердің басшылары өздері немесе үшінші тұлғалар үшін заңсыз, бірақ тиімді шешім қабылдай алады, сондай-ақ өздерінің лауазымдық міндеттеріне байланысты сеніп тапсырылған бөлімше қызметкерлерінің қандай да бір сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысуына жол бермеуге мүмкіндігі бар.

«Бұл түзету сыбайлас жемқорлыққа қарсы комлаенс-қызметтердің енгізілуімен бірге квазимемлекеттік сектор қызметкерлері тарапынан теріс әрекеттердің алдын алудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың тиімді шарасы болады деп ойлаймыз», - дейді О.Бектенов.