Жерлестеріміз Оңтүстік Корея хоккейшілерін ойсырата жеңді, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден өтіп жатқан 2019 жылғы Әлем чемпионаты аясындағы үшінші матчын өткізді.

Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея құрамасымен ойнады. Кездесудің 4-минутында Павел Акользин есеп ашса, алғашқы кезеңнің соңына қарай Леонид Метальников есепті еселей түсті.

Екінші кезеңде де біздің хоккейшілер басымдыққа ие болды. 30 минутта үшінші шайбаны Дмитрий Шевченко қарсыластар қақпасына кіргізді. Үшінші кезеңде ойын тартысты өтті. 51-минутта Сангву Шин Хенрик Карлссон қақпасына шайбаны соқты. Осыдан кейін кәрістер белсенділікке ие болды. Бірнеше минуттан кейін Никита Клещенко Қазақстан құрамасының есеп айырмасын тағы арттырды.

«Жақсы ойын өтті. Кездесуге жеңіс мақсатымен шықтық. Барлығы жақсы матч өткізуге тырысты. Біз қарсылас аймақта көп ойнадық, 4 шайба кіргізілді. Екі күн қатарынан ойнадық. Ертең біз біраз демаламыз да, қайта ойынға кірісеміз. Бұл шешуші матчтардың бірі болмақ»,- деп атап өтті «Барыс» командасының шабуылшысы Антон Некряч.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 9 ұпай жинап, екінші орынға жайғасты. Біздің хоккейшілер келесі матчты 4 мамырда негізгі қарсыласы - Беларусь құрамасымен өткізеді.