Наурыз айынан бастап қазақстандық зертханаларда 1,7 млн-нан астам ПТР-тесті жасалды, оның ішінде 971 мыңы – Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық сараптама орталығында алынды. ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте осындай мәліметтер келтірді.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген ол Үкімет резерві аясында 1,2 млн тест-жүйесін, оның ішінде отандық өнімді сатып алу жоспарланып отырғанын мәлім етті.

Айта кетейік, Ұлттық сараптама орталығында коронавирусты анықтау үшін техникалық ерекшелемеге сәйкес келетін қазақстандық белгісі бар өнім пайдаланылмақ.

«Ұлттық сараптама орталығының зертханалары ҚХР шығарылған тест-жүйелерді пайдаланады. Қазақстандық тест-жүйелер әзірге біздің зертханаларымызда сыналған жоқ. Осы тест-жүйелердің сапасын бағалайтын тиісті ұйымдар бар.

Алматыда референс-зертхана бар, онда қандай да бір тест-жүйелері бойынша белгілі бір ауытқулардың бар-жоғын анықтау үшін әрбір зерттеулер бойынша талдау жүргізіледі. Жеке зертханалардан Сапаны бақылау комитетіне шағымдар түскен жоқ», - деді спикер «қазақстандық тест-жүйелердің» сапасына күмән келтіретіндерге берген жауабында.

Наурыз айынан бері Қытайдан 3 млрд теңгеге 696 мың тест-жүйе сатып алынды.