Су тапшылығын болдырмау үшін Қазақстанда суды есепке алуды цифрландыруды жаппай енгізу қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда Қазақстан аз су циклінде тұр, ол тағы 10 жылға дейін созылуы мүмкін. Бұл ойлануға себеп.

«2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 км3 құрады, бұл орташа көпжылдық көрсеткіштен 20% аз. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп биылғы жылғы вегетациялық кезеңнің қорытындыларына талдау жүргізді. Талдау көрсеткендей, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 млн гектарға дейін ұлғайтуды ескере отырып, су тапшылығына жол бермеу жөніндегі кешенді шаралар қажет. Қазір бізде 1,6 млн га бар. Осыған орай, біріншіден, еліміздің оңтүстік аймақтарында ылғал сүйгіш дақылдардың егістік алқаптарын кезең-кезеңімен азайту қажет. Яғни күріш пен мақтаны. Екіншіден: жаңа су қоймаларын салу және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар жалғасын табады. Өткен жылы қар қорын, ықтимал су тасқынын талдап, 39 су қоймасын салу бойынша әлеуетіміз бар екенін анықтадық. Түркістан облысында оның бірі қолға алынды. Алдағы 10 жылда 38-і салынады.Үшіншіден: суарудың су үнемдеу технологияларын енгізбестен суармалы жерлердің ауданын ұлғайту мүмкін емес. Төртіншіден, суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында 2025 жылға дейін ұзақтығы 2,8 мың км болатын 119 негізгі каналдарда жаппай цифрландыруды жүргізу қажет», - деп атап өтті министр.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда шамамен 8,3 км3 километр суды қосымша шоғырландыруға, сондай ақ су алуды 1 гектарға 8,8 мыңнан 6,6 мың текше метрге дейін қысқартуға мүмкіндік туады. Ағымдағы лимиті он бес (15 км3) куб.километр болатын пайдаланылатын суды ескерсек, 2030 жылға қарай үнемделген су көлемі 3 млн гектар суармалы жерді суару үшін қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Экология министрлігінің басшысы.

Сонымен қатар, экология министрі, 2020 жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданында биыл «К-19» магистралды каналында пилоттық жобаның табысты іске асырылғанын атап өтті. Оның ұзақтығы 12 км, онда 328 шаруа қожалығы орналасқан. Каналды цифрландырудың арқасында судың 45% дейін артық шығындалатыны анықталды. Яғни, суды цифрландыру және есепке алу шараларынан басқа, фермерлердің ойы маңызды: олар су сияқты маңызды ресурстарды ұтымды пайдалануы керек.