Жеке тұлғалар жыл сайын жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары, жер учаскелері бойынша мемлекеттік органдардың ескірген деректер базасы проблемасына тап болады. Бұл мәселені шешу үшін 2019 жылдан бастап деректер базасын өзектендіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды, оның құрамына ҚМ, ІІМ, ЦДИАӨМ, «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ, «ҰАТ» АҚ техникалық өкілдері кірді. «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасының жеке кабинетінде түзетуге өтінім беру арқылы жеке тұлғалар да көмектесе алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте МКК төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді.

Ресми деректер бойынша, жұмыс тобы 25 млн астам мәліметті өңдеп, 5 млн аса қате мәліметті өзектендірді: жылжымайтын мүлік бойынша – 2,6 млн; көлік құралдары бойынша -943 мың; жер учаскелері бойынша - 1,7 млн.

«Объектілер деректемелерінде қате мәліметтер болған жағдайда, салық төлеуші «E-salyq Azamat» мобильдік қосымшасында өзектендіру үшін тиісті уәкілетті мемлекеттік органға өтінім жіберу мүмкіндігі бар. Өтінімді қарау мәртебесін сол сервисте қадағалауға болады», - деп түсіндірді спикер.

МКК көлік құралдары бойынша деректерді түзетуге 8938, жылжымайтын мүлік бойынша – 228, жер учаскелері бойынша - 568 пайдаланушы өтінім бергенін жеткізді.