Үстіміздегі жылдың 10 айының қорытындысы бойынша негізгі макрокөрсеткіштердің оң динамикасына қолжеткізілді. Атап айтқанда: өңдеу өнеркәсібі – 101,3%, инвестиция – 100,1%, ауыл шаруашылығы – 100,8%, құрылыс– 113,5%, тұрғын үйді іске қосу – 100,9% құрады, яғни 969,5 мың шаршы метр тапсырылды. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай мәліметтерді жария етті. Оның айтуынша, әлемдік дерт экономиканың барлық саласына әсерін тигізді. Сондықтан да өңір экономикасын әртараптандыру мен дамытуда негізгі екпін өңдеу өнеркәсібі, туризм, құрылыс, көлік және логистикаға беріліп отыр.

«Өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 1,3%-ға артып, 142,9 млрд. теңгені құрады. Мысалы, фармацевтикалық өнімдерді өндіру – 37%, минералды өнімдерді өндіру – 14,8% өсті. Биыл 23 млрд теңге болатын 8 жаңа жобаны іске қосылады. Нәтижесінде жаңадан 370-тен астам жұмыс орны құрылады», - деді облыс әкімі.