Қазақстанда коронавирус пандемиясы басталғаннан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемақы төлеуге 73 миллиард теңгеден астам қаражат бағыттады. Тамыз айында ғана коронавирус пен пневмониямен ауыратын 66 мың дәрігер жәрдемақы алады. Ақ халаттағы адамдар үшін жақсы жаңалықты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ӘМСҚ басқарма төрағасы Болат Төкежанов хабарлады.

Ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес медицина қызметкерлерінің тізімі кеңейгенін еске салды. Оған мобильді бригадалардың жұмысына жұмылдырылған дәрігерлер мен медбикелер, жедел жәрдем, әскери-медициналық, сот-медициналық бөлімшелердің, ҚР ПІБ Медициналық орталығының ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері кірді.

«Тамыз айының қорытындысы бойынша қор COVID-19, вирустық пневмониямен күреске тартылған 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд.теңге үстемақы төлейді», - деп хабарлады ӘМСҚ басшысы.