ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында санитарлық эпидемиологиялық қадағалау талаптарының сақталуын тексерудің қорытындыларын жариялады.

Оның айтуынша, 6-14 шілде аралығында өңірлерде мониторингтік топтар 16 572 нысанды тексерді, 1617 нысанда санитарлық нормалардың бұзылуы анықталды. 564 нысан бұзушылықтар жойылғанға дейін қызметін өз еркімен тоқтатты. Әкімшілік бұзушылық туралы 225 хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Сауда және қоғамдық тамақтану объектілерінде негізінен маска тағу режимін сақтамау, әлеуметтік белгілердің болмауы, температура өлшемеу, ауаны зарарсыздандырмау, аумақты дезинфекцияламау сияқты бұзушылықтар анықталады.

«Ақмола облысында тыйым салынғанына қарамастан аумағы 500 шаршы метрден асатын дүкен жұмыс істеген. 638 940 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Семейде «Әлем» сауда үйі мен «Восход» базарына карантин режимінде жұмыс істеу бойынша тиісті айыппұлдар салынды. Қостанай облысында жұмыс істеген нысанда қызметкерлер маска тақпаған, қолғаптар кимеген, антисептиктер болмаған. Алматыда 30 адамға банкет және 100 адам шақырып, үйлену тойын өткізгені үшін екі мекеменің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Сұлтанғазиев.

Спикер мұндай бұзушылықтар барлық өңірлерде тіркелгенін атап өтті.