Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Шолпан Каринова журналист тарапынан кезекші сыныптар ашылмаған мектептерден, кезекші сыныптар ашылған мектепке ауысуға байланысты қойылған сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, бір мектептен екінші мектепке ауысу мектепке қабылдау ережелеріне сәйкес жүргізіледі.

«Әр мектептің бекітілген аумаққа жататын барлық мекен жайлар бойынша балаларды қабылдауға міндетті. Сонымен қатар, басқа аумақта орналасқан тұрғын-үйлерде тұратын оқушылардың ата-аналары өтініш негізінде балаларын басқа білім мекемесіне бере алады. Бірақ әр мектептің өзінің қуаттылық күші бар. Қуаттылығы жоқ мектептер оқушыларды қабылдай алмайды. Сондықтан оқу процесі барысында бір мектептен екінші мектепке хаосты түрде ауысуға болмайды. Тиісті тәртіппен ауысу тәртібі қарастырылған», - деді БҒМ вице-министрі.