Берлинде ресми сапармен жүрген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесті.

Сәлемдесу және суретке түсу рәсімінен кейін Мемлекеттер басшылары «Бельвю» мемлекеттік резиденциясына барды. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Содан кейін екі елдің президенттері келіссөз жүргізіп, өзара қызығушылық тудыратын ауқымды мәселелерді қарастырды.

Қазақстан Президенті екі мемлекетті достық қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтіп, Еуропа одағына мүше мемлекеттер ішінде өзінің алғашқы ресми сапарын Германиядан бастағанын айтты.

Франк-Вальтер Штайнмайер аталған сапары үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін жүргізілген келіссөздердің маңыздылығын атап өтті.

www.akorda.kz