Уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда қосымша 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Індеттің шарықтау шегінде 52 мыңға дейін төсек-орын орналастырылды, COVID-19 қарсы күреске тікелей тартылған дәрігерлер саны шамамен 50 мыңға жетті. ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Орталық коммуникациялар қызметінде пандемиямен күрес шаралары туралы айтып берді.

Оның айтуынша, халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. 64 оттегі станциясы пайдалануға берілді, медициналық ұйымдардың ӨЖЖ аппараттарына қажеттілігі (3264 бірлік) толық қамтамасыз етілді.

«185 аудандық аурухана 100% рентгендік диагностикалық жабдықтармен жабдықталды. Жедел медициналық көмек қызметі елімізде шығарылған 1 367 көлік бірлігін сатып алу арқылы күшейтілді, жылжымалы медициналық кешендер паркін 100% жарақтандыруға қол жеткізілді. Індетке қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді, 3 тәуекел тобы бойынша 116 млрд теңге мөлшерінде үстемеақы төленді. Барлық дәрігерлердің, медбикелердің, санитарлардың, жедел жәрдем бригадаларының, зертханашылар мен эпидемиологтардың вирус жұқтыру қаупіне қарамастан, аз зерттелген вируспен күрестегі ерлігі мен қайсарлығын ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысының шешімінің арқасында науқастанған 9 мыңнан астам медицина қызметкері үстемеақымен қатар әлеуметтік төлемдер алды», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

2021 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлердің еңбекақысы өсті. КВИ және аса қауіпті инфекцияларды диагностикалау үшін 2,9 млрд теңгеге 459 бірлік зертханалық жабдық және 12 бірлік мобильді кешен сатып алынды.