15 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, БЖЗҚ және «Отбасы банкімен» бірлесіп, емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын әзірлеп, бекітті. Мұндай шара азаматтарға қосымша медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді. Бұл үшін не қажет – Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің спикерлері тармақтар бойынша түсіндіріп өтті.

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, алдымен БЖЗҚ-дан төлемнің қолжетімді сомасын анықтау қажет. Егер жеткіліктілік шегі ақшаны емдеуге пайдалануға мүмкіндік берсе, онда азамат өзі тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгініп, БЗТ есебінен емделуге жіберу туралы дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы қажет. Комиссия 5 жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіні емделуге жіберу немесе медициналық көрсетілімдер болмаған жағдайда, бас тарту туралы шешім шығаруы тиіс. Қорытынды дәрігерлік комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде беріледі.

«Тізімге Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша орфандық (сирек кездесетін) ауруларды емдеу, оларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, емдеу тактикасын айқындау үшін диагностикалық зерттеулер сияқты қымбат тұратын қызметтер енгізілген. Өйткені Қазақстанда барлық технологиялар жоқ. Стоматологиялық қызметтер: тіс протездеу, имплантация, операциядан кейінгі тыртықтар мен туа біткен кемшіліктерді түзету мақсатында реконструктивті және қалпына келтіру операциялары (пластикалық), сондай-ақ мастэктомиядан кейін - бұған жарақаттармен, операциядан кейінгі тыртықтармен, онкологиялық операциялармен байланысты оталарды жасау жатады, мысалы, егер қатерлі ісіктен кейін әйелдің кеудесі алынып тасталса.

Радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу (гамма-пышақ, кибер пышақ), Протон терапиясы, яғни, бізде қолданылмайтын және азаматтар оларды шетелде ала алатын қызметтер, сондай-ақ офтальмологиялық қызметтер (көздің мүйізгек қабығы коллагенінің крослинкингі, көруді лазерлік түзету», - деп түсіндірді спикер.

Ол сондай-ақ, тізім халықтың қажеттіліктерін ескере отырып өзгертілуі мүмкін екенін жеткізді. Пікірлерді сарапшылар зерттейді.