Қазір бағаны реттеу ережесіне өзгерістер енгізілуде. Бұл туралы Оталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары м.а. Нұрлыбек Асылбеков журналистің сұрағына берген жауабында мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселе Монополияға қарсы агентіткпен бірге қаралуда.

«Бағаға белгіленген үстемелерді екі есеге төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде бұл ковидке қарсы препараттарға пайдаланылады. Одан бөлек, маркетингтік шығындар бар. Ол да қайта қаралуда. Ережеге сәйкес, дәрі-дәрмектің регрестік шкаласы бөлшек саудада ең жоғарғы сатысы 55 пайызға шейін, төменгі сатысы 3-10 процентке дейін белгіленген. Осы интервалды қысқарту жөнінде мәселе көтерілді. Дәрінің шектеу бағасы, Кодекске сәйкес, жылына екі рет бекітіледі. Соңғы рет шілде айында 6 мыңнан астам дәріге шекті баға қойылды», - деді спикер.

Жалпы, мемлекеттік реестрде 7,5 мыңнан аса дәрі-дәрмек тіркелген. Бірақ нарықта оның бәрі сатылмайды. Бүгінде ДСМ бұл дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіп отыр.

Сонымен қатар, КВИ-ге байланысты дәрі-дәрмек бағасын төмендету бойынша Үкімет, министрлік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, сырттан әкелінетін тіркелмеген дәрілерді елге кіргізу, оны қоймаларға дәріханаларға жеткізу жеңілдетілді.

Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, 1600-ден астам дәріханаға мониторинг жүргізілді, оның ішінде 200 дәріге шекті баға асты деген фактілер анықталды. Жазда жүргізілген жұмыстар бойынша 240 млн астам теңгеге айыппұл салынды, 1,5 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды.