Қазіргі кезде кәсіби клубтардың қаржысы бұқаралық, балалар, жасөспірімдер тегін спорт секцияларды ашуға жұмсалуда. Бүгінде Қазақстан бойынша 120 мыңнан астам секция жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серік Жарасбаев хабарлады.

Оның айтуынша, БҒМ-мен, жергілікті атқарушы органдармен, аккредиттелген федерациялармен бірлесіп бірқатар жобалар қолға алынды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Президент өскелең ұрпақтың спорттық, шығармашылық әлеуетіне, өңірлерде спорттық секциялар ашуға, сондай-ақ қаржыны кәсіпқой клубтардан балалар мен жасөспірімдер клубтарына, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріне және бұқаралық спортқа қайта бағыттауды тапсырды. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан, Мәдениет және спорт министрлігі, бүкіл жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда. Жыл соңына дейін нақты шешімдер қабылданбақ. Сондай-ақ, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 74-ші және 75-ші тармақтарды іске асыруда», - деді С.Жарасбаев.

Оның атап өтуінше, Қазақстанда 98 кәсіби ойын клубы бар. Олардың 99 пайызы жергілікті атқарушы бюджеттен қаржыландырылуда.