Пандемия кезінде қабылданған шараларға қарамастан, әлі де шешілуі тиіс мәселелер бар.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі халықтың қалың тобына, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарға барынша көрсетілетін алғашқы медициналық көмекті жақсарту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған шаралар жоспарын бекітті. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жоспардың басым бағыттарына тоқталды.

«Біріншіден, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін халықты профилактикалық қарап-тексеруден өткізу көзделген, осы емханаларда созылмалы аурулары, әсіресе жүрек-қан тамырлары бар ауруларға арналған жүрек қан тамырлары орталықтарын ашу, мобильдік бригадаларды немесе мобильдік жұмыстарды одан әрі жетілдіру, сонымен бірге, үздік практика орталықтарын ашу, мектеп медицинасына көп көңіл бөлу, соның ішінде балалардың денсаулығын тексеру, одан ары сауықтыру сияқты жаңа тәсілдер енгізіледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, шалғай ауылдардың тұрғындары үшін транспорттық медицинаны дамыту үшін 100 жаңа жылжымалы медициналық кешен сатып алынды», - деді вице-министр.

Оның сөзінше, алғашқы медициналық көмектің инфрақұрылымын дамыту бойынша мемлекеттік ұйымдардың желісіне, яғни желістің нормативіне қайта қарау жүзеге асырылып отыр. Саны 50 адамға дейінгі елді мекендерде медициналық қызметкермен қамтамасыз ету, 300 адамға дейін медициналық пункттер ашу, 300-ден астам адам фельдшерлік акушерлік пункттер ашу жоспарланған.

Бес жылдың ішінде 487-ден астам жаңа объекті салынады 211 нысанның құрылысы биыл басталады. Бұдан басқа, әр алғашқы медициналық көмек көрсететін ұйымдарды жарақтандыру бойынша өңірлік жоспарларды түгендеу және әзірлеу жүргізіледі. Бұл жұмыстар ай сайын қадағаланып отырады.