Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жануарларға қатыгездік танытуға қатысты көптеген фактілер таратылды. Бұл иттер мен мысықтарды ұрып-соғу, жануарларды хайуанаттар бағында және жылжымалы цирктерде қолайсыз жағдайда ұстау. Осыған байланысты Парламент депутаттарының бір тобы өткен жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын әзірледі. Өз кезегінде экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті осы заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын дайындады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының бас сарапшысы Қуат Чумакаев қазіргі жағдай туралы баяндады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қоғам өкілдерімен бірлесіп жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілікті арттыруды көздейтін заң жобасы әзірленді. 2019 жылдың соңында әзірленген заң жобасы Парламент Мәжілісінің депутаттарымен Үкіметке қорытынды әзірлеу үшін жолданды. Заң жобасын әзірлеу жөніндегі уәкілетті орган болған экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Үкімет қорытындысының жобасын дайындады, ол 2020 жылғы 25 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды», - деді спикер.

Жұмыс тобының алғашқы отырысы әлі өткізілген жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың қорытындысы күтілуде.