Биыл 2 қаңтарда Президент «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулерге қол қойды. Енді БЖЗҚ салымшылары мен сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасаған қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады. Бұл ретте жинақтар «жеткіліктілік шегінен» жоғары немесе сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарты болуы қажет. Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, сондай-ақ реттеушінің зейнетақы активтерін басқаруға қойылатын талаптарына сәйкес келетін басқарушы компанияларға беруге болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығын дамыту басқармасының бастығы Александр Камчатный мәлім етті. Оның айтуынша, басқарушы компанияларға екі түрлі талап қойылады.

«Сандық талаптар қатарында басқарушының кемінде 3 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталының, соңғы 3 жыл ішінде клиенттердің кемінде 5 млрд теңге мөлшеріндегі активтерін басқару тәжірибесінің болуы, соңғы 2 жыл ішінде шығынды қызмет фактілерінің болмауы. Сапалық өлшемшарттар ретінде соңғы 6 ай ішінде пруденциялық нормативтерді бұзу фактілерінің болмауын, орындалмаған қадағалап ден қою шараларының, санкциялардың болмауын, штатында активтерді басқару тәжірибесі бар білікті қызметкерлердің болуын, сондай-ақ басқарушыда ірі қатысушының болуын атап өтуге болады», - деді Александр Камчатный.

Сондай-ақ, ол басқарушы компания зейнетақы активтерін басқарудан болашақ кірістілікке кепілдік беруге құқылы еместігін еске салып өтті. Алайда оның іс жүзіндегі кірістілігі нормативтік тұрғыдан белгіленген ең аз кірістіліктен төмен болса, ол өз қаражаты есебінен салымшыларға туындаған айырманы өтеуге тиіс болады.