Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздегі көкейкесті мәселелерді мемлекеттік органдар тарапынан қалай шешіліп жатқанын халыққа жеткізеді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің сұрағына берген жауабында осылай деді.

Оның айтуынша, «Естуші мемлекет» тұжырымдамасының ең басты қағидатының міндеті – ол мемлекеттік органдардың ашықтығы. Бұл тұрғыдан үлкен жұмыстар атқарылуда.

«Барлық министрлер, әкімдер халыққа да, журналистерге де ашық. Олардың арнайы блоктары бар, сайттары қызмет етеді. Кейбір мемлекеттік органдардың Телеграм арналары бар. Барлық келіп түскен сұрақтарға дер кезінде жауап қайтару мәселелері дұрыс жолға қойылған», - деді ведомство басшысы.

Аида Балаеваның айтуынша, қазір қоғам мен БАҚ-тың, оның ішінде мемлекеттік органдар мен БАҚ-тың қарым-қатынасы мемлекеттік деңгейде нығайып, ашық түрде қалыптасып жатқанын атап өтті. Министр бұл ретте Орталық коммуникациялар қызметінің жұмысы дұрыс жолға қойылғанын атап өтті.

«Бір сағаттың ішінде үлкен салалардың мәселелерін қамту мүмкін емес. Орталық коммуникациялар қызметінің өзінің ережелері, регламенті бар. Бір журналист 5-6 сұрақ қойса, оған жауап берсек, басқа әріптестеріміз сұрақтарын қойып үлгермей қалады. Құзыретті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өз тарапынан мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты нығайту үшін өз үлесін қосуға дайын. Бірге жұмыс істейік», - деді АҚД министр.