Салықтар мен несиелер бойынша төлемдерді кейінге шегеру. Алматы облысында дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде бизнестің 119 мың субъектісі салықтық ынталандыруға қолжеткізді, 641 субъектіге 24 млрд теңге несие бойынша төлемді кейінге шегеруге жағдай жасалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов хабарлады.

Оның атап өтуінше, өңірдегі 6,5 мың жалға алушыға жеке секторда жалға алу құны 30%-тен 90%-ке дейін төмендетілді, бизнестің 690 субъектісі коммуналдық меншік мүліктерін жалға алу төлемінен толық босатылды. Кәсіпкерлікті қолдауға бюджеттен 16,2 млрд теңге бөлінді.

«Осы айтылған шаралардың барлығы шағын және орта бизнес көрсеткіштерін өткен жылдың деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Соған сәйкес шығарылған өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 1,7 трлн теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34% жетеді. Президент бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35%-ға жеткізуді тапсырған болатын, біз бұл көрсеткішке келесі жылы жете аламыз» - деді А. Баталов.