Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қоры «Өмірге үміт сыйла» шарасын ұйымдастырды. Қайырымдылық қызмет аясында мешітке келушілердің қаржысына 255 оттегі концентраторын сатып алынып, ауруханаларға үлестірілді. Сондай-ақ 200 мыңнан астам отбасы азық-түлікпен қамтылды. 42 мыңнан астам бетперде таратылды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Бас мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы осындай мәліметтерді келтіріп өтті.

«Ең бастысы, отандастарымызды індеттен сақтау. Пәтуаларымыз бен үндеулерімізге түсіністікпен қарап, соған бойсынып, өзіміз бен өзгелердің өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үндеймін. Алла тағала бізді осы жаман аурудан сақтасын деп дұға етеміз. Бұл кез де бір күні өтеді. Бұрынғы қалыпты жағдайға ораламыз. Алла сол күнді нәсіп етсін», - деді Бас мүфти.

Пандемия кезінде Муфтият жанындағы Ғалымдар кеңесі бірқатар тарихи шешімдер қабылдап, 12 маңызды құжатқа қол қойды. Олардың бірі коронавирустық инфекциядан қайтыс болғандарды жерлеу ережелеріне қатысты. Жаназа намазына және қабір басына 10 адамнан артық адам жиналмауы тиіс, сондай-ақ 7 және 40 күнде берілетін астарды өткізбеу ұсынылды.

Имамдар осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын жер-жерлерде және онлайн режимде жүргізуде. Төтенше жағдай мен карантин кезінде олар күніне үш рет тікелей эфирде уағыздар оқып, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың сұрақтарына жауап берді. Сәуір айынан бері 1,5 мыңнан астам эфир өткізілді, соның ішінде YouTube арнасы арқылы. Сондай-ақ, тәулік бойы жедел желі жұмыс істейді.