Биыл дизель отыны мен авиакеросин өндірісі жоспарлы түрде қысқартылып, битум өндірісі ұлғайтылды. Жалпы, 2020 жылы 984 мың тонна битум өндіру жоспарланған болатын. Бұл жоспар асыра орындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пандемия кезінде қабылданған шаралар мен Жұмыспен қамту бағдарламасы жүзеге асырылды. Көптеген әлеуметтік салалар күрделі жөндеуден, ағымдағы жөндеуден өткізіліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, жол құрылысы жұмыстары қарқынды атқарылды. Соның нәтижесінде жоспар асыра орындалып, 1 млн. тоннадан аса битум шығарылды. Яғни біз алдымызға қойған міндетті орындай алдық», - деді Ноғаев.

Оның сөзінше, 2020 жылы 90 млн. тонна мұнай өндіру жоспарланған болатын. Алайда, індет салдарынан бұл көрсеткіш 85 млн. тоннаға дейін төмендетілді. Бұған әлемдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуі және мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныстың азаюы себеп болды. Сәйкесінше, мұнай өңдеу көрсеткіші де азайып, 17 млн-нан 16 млн-ға дейін төмендеді. Бұл ретте мұнай зауыттарының резервуарларының немесе кен орындарындағы резервуарлардың толып қалмауын және кен орындарының тоқтап қалмауын болдырмау мақсатында шаралар қабылданды.