Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пандемия кезінде балалардың денсаулығын сақтау шаралары туралы айтты. Біріншіден, амбулаториялық, стационарлық және жедел медициналық көмек деңгейінде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін медициналық көмек көрсету тәртібі бекітілді. Еліміздің педиатрия саласындағы жетекші мамандары «Балаларда COVID-19 коронавирустық инфекциясын» диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасын әзірлеп, бекітті.

«Диагностика және консультациялық-практикалық көмек көрсету үшін республикалық орталықтар мен жетекші медициналық ЖОО сарапшыларының жұмыс тобы құрылды, олар онлайн режимде және телемедицина бойынша мультижүйелік қабыну синдромына (Кавасаки-ұқсас синдром) күдігі бар барлық балаларға жетекшілік етеді, жеке емдеуді таңдап, әрбір бала бойынша консультациялар, консилиумдар өткізеді. Амбулаторияларда «лас» және «таза» аймақтар қарастырылған. Барлық емханалар балаларды амбулаториялық деңгейде емдеу үшін дәрі-дәрмекпен толық көлемде қамтамасыз етілді», - деп сендірді вице-министр.

Сондай-ақ, инфекциялық стационарлар дайындалды. Медициналық персонал оқудан өтті. Санитарлық авиация желісі бойынша өңірлерге 665 ұшу ұйымдастырылды және 1099 балаға, оның ішінде 283 жаңа туған нәрестеге медициналық көмек көрсетілді. Республикалық орталықтарға 917 бала тасымалданды, 72 балаға консультация берілді, 23 балаға ота жасалды. Республикалық орталықтардың мамандары онлайн-режимде үздіксіз консультациялар өткізді.

«Аймақтарға дені сау адамдарға, жіті респираторлық вирустық инфекциясы бар пациентке, COVID-19 тестінің оң нәтижесімен үйде отырған пациентке, емделуден кейін стационардан шығарылған пациентке арналған жадынамалар жолданды. Ата–аналарыңыздан, жақындарыңыздан өз балаларын қорғауды, COVID-19-ға қарсы күрес бойынша профилактикалық іс-шаралар туралы хабардар болуды, адамдар көп жиналатын орындарға бармауды, қорғаныс құралдарын пайдалануды, пандемия кезеңінде басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы екпелерді алу үшін емханаға уақтылы баруды сұраймыз», - деді Ғиният журналистерді пандемияның жаңа толқынына тиімді қарсы тұру және коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысуға шақыра отырып.