Түркістан облысына Өзбекстан Республикасынан 500 млн теңгеге індетке қарсы препараттар сатып алынды. Тиісті дәрілер дәріханаларға жақын күндері түседі және шекті бағаны сақтай отырып сатылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Айта кетейік, облыс бойынша дәрілік заттардың бағаларына бақылау жүргізу мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылды. Топтың жұмысы барлық дәріханаларды тексеріп, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қолданылады. Жеке және лауазымды тұлғаларға, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл мөлшері 70-1000 АЕК құрайды.

«Сондай-ақ, карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын объектілерге тексерулер (мониторинг) жүргізу алгоритміне сәйкес қала, аудан әкімдіктергінде мобильді топтар жасақталған. Дәріханаларды тексеру барысында 12 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Оның 3-і жергілікті сот органдарына жолданып, 9 нысанға айыппұл салынды», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Атап айтқанда, дәріханаларда дәрі-дәрмектер жоғары бағамен сатылып қана қоймай, рұқсат қағазынсыз, лицензиясыз және тіркелмей өткізілген.