Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру болашақта оң әлеуметтік-экономикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Шәпкенов мәлім етті.

«Атап айтқанда, білім беру саласындағы 80 жаңа объект авариялық және үш ауысымды мектептер, ауылдық жерлерде білім алуға қолжетімділік проблемаларын шешумен қатар, мұғалімдерге 10 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ұсынады. Денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, туризм саласындағы 60 жаңа объект 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 153 су шаруашылығы құрылысын салу және жаңғырту суармалы және жайылымды жерлердің көлемін едәуір арттырады және ауыл шаруашылығында 77 мың тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етеді», – деді ол.

Инженерлік желілерді және 8 мың шақырымнан астам қалалық және ауылдық жолдарды жөндеу, 900 елді мекенді абаттандыру әкімдердің халықпен кездесулерінде тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жол картасының қаражатын пайдаланып, коронавирустық індетпен күресу үшін 13 жаңа инфекциялық аурухана салынады. Өз кезегінде, оларда қосымша 5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

«Жалпы, Жұмыспен қамту жол картасының жобалары 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға негіз болады», – деп қорытындылады Серік Шәпкенов.