Қыс басталғалы Қазақстанда қар кептелісіне байланысты көлік коллапсының 14 фактісі орын алды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин осындай мәліметтерді келтірді.

«Алматы облысында көп тіркелді, Достық-Үшарал жолы 8 рет жабылды. Ескертуге қарамастан жолға шығып, қар құрсауында қалып қойған адамдарды құтқару жағдайлары болды. Жамбыл облысында Түркістан облысымен шекарада көп көлік жиналып қалған. Сондықтан, қыс мезгілінде дауылды ескертулер жарияланғанда автоәуесқойлар ТЖМ бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, «Қазгидрометтің» хабарламаларына құлақ асып, өз өмірі мен денсаулығына қатер төндірмеуі қажет», - деді Юрий Ильин.

Ол сондай-ақ алдағы мерекелер қарсаңында пиротехника сатуды бақылау күшейтілетінін ескертті. ТЖМ және ІІМ қызметкерлері сертификатталмаған өнімді сату нүктелері бойынша бірқатар рейд өткізуді жоспарлап отыр.

«Жаңа жылдық мерекелерді тойлаудың салдары ауыр болмайтындай немесе ауруханадан шықпас үшін пиротехниканы тиісті лицензиялары бар дүкендерден ғана сатып алу қажет. Әрбір өнімде сипатталған пиротехниканы пайдалану ережелеріне назар аудару керек. Жалпы, ТЖМ бөлімшелері қыс мезгілінде әрекет етуге дайын, сондықтан, біздің азаматтарымыз мерекелік іс-шараларды отбасымен өткізеді және төтенше жағдайлар барынша аз болады деп үміттенемін», - деді министр.