Қазір елде вакциналардың екі түрі тіркелген: отандық вакцина 9 айға, ресейлік «Спутник V» - 70 күнге дейін уақытша құжаттаралды. Тиісті тіркеу деректері үшін жұмыстар жалғасуда, басқа вакциналар бойынша шетелдік әріптестермен де келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы ҚР Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары м.а. Нұрлыбек Асылбеков хабарлады.

Оның айтуынша, қазақстандық «KazCOVID-in»-мен 3 мың еріктіні вакцинациялау аяқталды. Олардың хал-ахуалы дәрігерлердің бақылауында. Қорытынды жасауға әлі ерте. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер отандық және ресейлік вакциналарға қатысты бірнеше өзекті сұрақ қойды. Нәтижесінде Қазақстан қай вакцинаны таңдайды?

«Екі вакцина да 90%-дан астам тиімділікті көрсетеді, біз екі вакцинаны да отандық деп айта аламыз. Екінші «Спутник V» де жақын арада Қазақстан Республикасында шығаратын боламыз. Егер тиімділігі бірдей болса, мәселе бағасына және басқа да жайттарға қатысты болады деп ойлаймын. Бастысы, вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Вакцинаны 2 млн доза мөлшерінде сатып алу жоспарланған. Вакцинацияға дайындық өте белсенді жүргізіліп жатыр. Министрлікте министрдің бірінші орынбасары бастаған жұмыс тобы құрылды. Қазіргі кезде СК Фармация дайындық, логистика, тасымалдау, сақтау мәселелерін пысықтауда, вакциналарды көптеп орналастыруға болатын олардың төрт хабы әзірленді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармалары мен Бірыңғай дистрибьютор арасындағы байланыс жолға қойылды. Әдістемелік ұсыныс әзірленуде. Қазір вакцинациялауға арналған шприцтер қоры қажетті көлемде дайындалды», - деді спикер.