«Қоғамдық кеңестер туралы» заң - тиімді жұмыс істеу және кеңестердің рөлін күшейту үшін қажет. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау саласы бойынша қоғамдық кеңес төрайымы Надежда Петухова мәлімдеді. Оның өзі де осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобының құрамында болған.

«Мен осы Заңға енгізілген жаңашылдықтар мен жаңа түзетулерді қолдаймын. Азаматтардың құқықтарына, міндеттері мен мүдделеріне, олардың басымдылығы мен қоғамдық маңыздылығына сәйкес өтініштерге қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын қарау туралы шешімдер қабылдау құқығын беру арқылы қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін кеңейтуге бағытталған түзетулер аса маңызды. Бұл түзетулер ҚК жұмысын оңтайландыруға мүмкіндік береді және құқықтық актілер жобаларының қоғамдық сараптамасының сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді. Енді ҚК мүшелері ұсынылған НҚА жобаларын қарау немесе қараусыз қалдыру туралы ұсыныстар енгізе алады. Бұл жұмысты жақсартуға және ҚК жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», - деді қоғам қайраткері өз ойымен бөлісе отырып.

Сондай-ақ түзетулер қоғамдық кеңестің жұмыс топтарын қалыптастыруда азаматтық қоғамның рөлін күшейтеді. Атап айтқанда, Петухованың пікірінше, басшыны сайлау дербестік пен ашықтық қағидатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, мемлекеттік органдардың әкімшілік қысымын болдырмайды. ҚК құрамына үміткерлердің резервтік тізімін енгізу де маңызды.

«Заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі қоғамдық кеңестерді ұйымдастырушылық қамтамасыз ету мәселесі болып табылады. Жұмыс тобында даулар мен ұсыныстар көп болды, бірақ біз Қоғамдық кеңес хатшысының міндетін атқару мемлекеттік органға берілетін түзетуді қабылдадық. Яғни, ҚК хатшысын оның өзі бекіте алады. Заңға енгізілген түзетулер олардың құқықтары мен міндеттерін кеңейтуді ескере отырып, ҚК жұмысын одан әрі жетілдіруге және жандандыруға мүмкіндік береді деп санаймын. Ал бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» жолындағы маңызды қадам болады», - деп түйіндеді ҚК басшысы.