Сот жүйесінің барлық жұмысы ашық. Бірақ істің мән-жайын және заң талаптарын білмей, жағдайдың басқаша екендігіне қарамастан әлеуметтік желілерде жасанды резонанс жасалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жоғарғы Сот судьясы Назгүл Рахметуллина мәлімдеді.

Оның айтуынша, әрбір қылмыс үшін заңмен жазалау шарасы қарастырылған. Қылмыстық кодекс жеткілікті дәрежеде ырықсыз, қатаң шектеулер белгіленген, судьялар олардан аттай алмайды. Спикер бірнеше мысал келтіріп өтті.

«Бірнеше адам қаза тапқан жол-көлік оқиғасында санкциямен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген, бірақ заң бойынша, егер ауырлататын мән-жайлар болмаса, судья 5 жылдан артық тағайындауға және бұл жағдайда заңды бұзуға құқысыз. Мас болу жағдайы ауырлататын жағдай бола алмайды, өйткені ол бапта жазылған. Тағы бір мысал, біздің қоғамды алаңдатарлық жайт, 122-бап - кәмелетке толған және кәмелетке толмаған жәбірленуші арасындағы ерікті жыныстық қатынас. Бұл – орташа ауыр қылмыс. Ал судья бұл істі қараған кезде, егер адам бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаса, заң бойынша оны бас бостандығынан айыруға құқылы емес. Себебі санкция - бостандықты шектеу», - деп түсіндірді судья.

Ол сондай-ақ, 2019 жылы Президенттің тапсырмасы бойынша Санкциялар күшейтілгенін атап өтті.

«2019 жылы бірқатар қылмыстар үшін санкциялар күшейтілді – жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, браконьерлік және басқа да қылмыстар. Заңға енгізілген бұл түзетулер өз нәтижелерін беруде: егер 2018 жылы 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге 71 адам сотталса, 2019 жылы – 78 адам, егер 2018 жылы 20 жылдан астам мерзімге осы қылмыстар үшін 2 адам сотталса, 2019 жылы – 7 адам. Бірақ, жазалары өте жұмсақ болып табылатын бірқатар құрамдар бар, олар бойынша судьялар осындай жазалар тағайындауға міндетті. Бұл балаларды азаптауға, оларға қатер төндіруге және т.б. байланысты қылмыстар», - деді спикер.

Н.Рахметуллина заңға осы баптар бойынша жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер енгізу қажеттігі туралы айтты.