Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов тілшінің жолдаған сауалына берген жауабында осылай деді. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрғандар тек жаңадан салынған баспана алуға құқылы. Бірақ баспанаға мұқтаж адамдар екінші санаттағы үйлерді сатып алуға рұқсат етуді сұрауда.

Комитет басшысының айтуынша, бағдарламада шарты өзгертілмейді.

«Жаңа тұрғын үй қорын құруымыз керек. Мемлекет бағыттап отырған қаржы тиімді пайдаланылуы керек. Жаңадан құрылыс саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуы тиіс. Сондықтан бағдарлама жаңа тұрғын үй алуға бағытталып отыр. Пәтер жеткілікті», - деді спикер.

Оның мәліметінше, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 390 млрд. теңге бөлінді, оның 180 млрд. теңгесі кредиттік пәтерлер салуға әкімдіктерге берілді. Ал 210 млрд. теңге 17 мың жеңілдетілген несие беруге бағытталды.

Үстіміздегі жылы Нұр-Сұлтан қаласында 5 мыңға жуық, Алматы қаласында шамамен 4 мың, сондай-ақ өңірлерде 200-600 пәтер беру жоспарланған.